Кеңес Мемлекеттік кеңесшінің төрағалығымен өтті. Оған Үкімет мүшелері, Президент Әкімшілігінің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, облыстар мен республикалық маңызы бар қалалар әкімдерінің орынбасарлары, сондай-ақ өңірлік басқармалардың басшылары қатысты.
Ерлан Карин Конституцияның күшіне енуі Қазақстан тарихындағы жаңа кезеңді ашқанын атап өтті. Оның сөзінше, бұл жаңартылған мемлекеттік-саяси модельге көшудің негізі болды. Кезеңнің ерекшелігі – қоғамдық процестердің қайта іске қосылуы және жаңа қоғамдық күштердің пайда болуы.
Мемлекеттік кеңесші жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижелілігін қоғамның сезінгенін атап көрсетті. Бұл азаматтардың Президент стратегиясы төңірегінде топтасуына ықпал етеді. Қасым-Жомарт Тоқаевқа қоғамдық сенім рейтингі 86,7%-ды құрайды. Азаматтардың 84%-дан астамы елдің дұрыс бағытта дамып жатқанына сенеді.
Кеңесте Конституцияны іске асыру, жаңа конституциялық қағидаттарды ілгерілету, этносаралық және конфессияаралық келісімді нығайту, қоғамдық бірлестіктермен және сарапшылармен өзара әрекеттесу, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық, ақпараттық, отбасылық және жастар саясаты мәселелері талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша жауапты мемлекеттік органдарға ішкі саясат бағыттарын практикалық іске асыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.